Қоғам • Бүгін, 11:56

Илон Маск 600 млрд доллары бар жер бетіндегі алғашқы адам атанды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемдегі ең дәулетті адамның бірі Илон Маск тағы бір бедерлі белесті еңсерді. SpaceX компаниясының нарықтағы құны күрт өскен соң, ол байлығы 600 миллиард доллардан асқан алғашқы адам атанды. Бұл туралы Forbes мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Илон Маск 600 млрд доллары бар жер бетіндегі алғашқы адам атанды

Фото: ашық дереккөз

Осылайша Илон Маск әлемдегі тұңғыш триллионер атануға тағы бір қадам жақындады. Бұған SpaceX компаниясының акцияларын кері сатып алу туралы ұсынысы себеп болды. Компанияның нарықтағы бағасы 800 миллиард долларға жетті. SpaceX акциясының шамамен 42 пайызы Маскқа тиесілі. Соның нәтижесінде оның дәулеті бірден 168 миллиард долларға өсіп, жалпы көлемі 677 миллиард долларға жуықтады.

Бұл қадам SpaceX-тің 2026 жылы биржаға шығу жоспары аясында жасалып отыр. Инвесторлардың айтуынша, IPO өткен жағдайда компанияның құны 1,5 триллион долларға дейін көтерілуі мүмкін.

Қазіргі таңда Масктың ең қымбат активі – SpaceX-тегі үлесі. Ол 336 миллиард долларға бағаланады. Ал Tesla компаниясындағы 12 пайыздық үлесінің құны шамамен 197 миллиард доллар.

Айта кету керек, 2024 жылдың қаңтарында Делавэр штатының соты Маскқа бұрын берілген сыйақы пакетін жарамсыз деп таныды. Дегенмен Tesla акционерлері қараша айында жаңа, рекордтық марапаттау тетігін бекітті. Егер компания алдағы он жылда нарықтық құнын бірнеше есе арттыра алса, Маск қосымша акциялар арқылы 1 триллион долларға дейін табыс табуы мүмкін.

Миллиардердің иелігінде xAI Holdings компаниясы да бар. Қазір ол 230 миллиард долларлық бағамен жаңа инвестиция тарту жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.

Сонымен бірге Илон Масктың саяси және қоғамдық мәселелерге қатысты өткір пікірлері де жиі талқылануда. Жуырда ол X әлеуметтік желісіне салынған 120 миллион еуро айыппұлдан кейін Еуропалық одаққа қатысты даулы мәлімдеме жасаған.

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00